Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарыс іс-қимыл агенттігінің Атырау облыстық департаменті мен «Атамекен» ҰКП өңірлік өңірлік филиалына өтініш түскен.
«Кәсіпкерлік субъектісі кір сабын және жуғыш заттар өндірісін кеңейтуді көздеген. Сол себептен кәсіпкерлік нысан иесі қойма мен цех салу үшін Атырау қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінен сәулет-жоспарлау тапсырмасын алмақ болған. Аталған бөлімнің лауазымды қызметкерлері сәулет-жоспарлау тапсырмасын беруден заңсыз бас тартқаны анықталды. Ал лауазымды қызметкер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 465-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды», -деп хабарлады облыстық департаменттің баспасөз қызметі.
Осыған байланысты Атырау қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөліміне сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру туралы ұсыныс жолданды. Қазір бұл мәселе оң шешімін тапты.
Сондай-ақ тағы бір кәсіпкерлік субъектісі мемлекеттік сатып алу саласындағы әкімшілік кедергіге байланысты жүгінген.
«Мемлекеттік сатып алу қорытындысының хаттамасына сәйкес кәсіпкерлік субъектісі тапсырыс беруші ЖШС болып табылатын кабельдік арнаны жеткізу бойынша жеңімпаз болып танылған. Алайда ЖШС кәсіпкерлік субъектісіне келісім жобасын жібермеген. Бұл «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның нормаларына қайшы келеді. Сол себептен ЖШС келісім жобасын жасау бойынша шаралар қабылдауға қатысты ұсыныс берілді. Нәтижесінде ЖШС тарапынан веб-портал арқылы келісімшарт жобасы жіберіліп, тараптар келісімшартқа отырды», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда әкімдік қызметкерлері кәсіпкердің жер телімін кеңейтуден бас тартқанын жазған едік.