Атырауда кәсіпкерлерге көмектесетін геопортал ашылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда өңірдің кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлерге көмектесетін геопорталдың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атырау облысында жер мәселесін шешуде бизнеске себі тиетін геоақпараттық порталдың қызметін кеңейту бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Геопортал - жергілікті атқарушы органдар үшін де, бизнес пен халық үшін де алуан түрлі дереккөздерден келетін ақпаратты жүйелеудің тиімді құралы», - дейді «КАЗГИСА» ЖШС бас директоры Рүстем Жетпісов.

Оның сөзіне қарағанда, геопортал арқылы картада қала және облыс туралы кез келген ақпаратты орналастыру, онлайн режимдегі мониторинг жүйесін қосу, қаладағы жағдайды жоспарлау және модельдендіру мүмкіндігі бар.
 

«Геопорталға стандартты веб-браузер арқылы кіруге болады. Картаға артық күш түспеуі үшін ақпарат түрлі қабаттарда орналасады. Бұл тиісті қабатқа өту арқылы қажетті нысандарды іздеуді жеңілдетеді. Мәселен, қабаттардың бірі өңірдің әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын көрсетсе, енді бірі қаладағы көлік қозғалысын, т.б. көрсетеді», - дейді ол.