Атырауда қатігездікпен адам өлтірген азамат мәжбүрлі емдетуге жіберілді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда вокзал маңындағы дәмханада аса қатыгездікпен адам өлтірді деп айыпталған Қырғызстан Республикасының Т. есімді азаматы   мәжбүрлі емдетуге жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2017 жылдың қарашасында вокзал маңындағы «Арба» дәмханасында тамақтанып отырған 39 жастағы Ақтау қаласының тұрғыны И.Г.-ны еш себепсіз 1991 жылы туған сотталушы пышақтаған. Іс материалдарында анықталғандай, жалпы алғанда ол пышақпен денесінің әртүрлі бөлігіне 52 соққы  жасаған. Алынған жарақат салдарынан жәбірленуші сол жерде көз жұмған.

«Тергеу барысында  Т.-ның қылмысы әрекетке қабілетсіздігі салдарынан жасалғаны, өйткені ол «Дифференцияланбаған шизофрения» психикалық дертіне шалдыққаны анықталды. Сондықтан сот ҚК-тің 16 бабына сәйкес қоғамдық қауіпті іс-әрекетті ақыл-есі дұрыс емес жағдайда жасағандықтан сотталушы Т.-ны қылмыстық жауапкершіліктен босатты», делінген соттың таратқан хабарламасында.

Сондай-ақ, сот айыпталушы Т.-ға қатысты Алматы облысы Талғар ауданы Ақтас кентінде орналасқан «Жіті бақыланатын мамандандырылған үлгідегі республикалық психиатриялық ауруханасында» медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы қаулы шығарды.