Атырауда қатты желге байланысты 91 метр биіктегі туды алып тастады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырауда қатты желге байланысты 91 метр биіктегі туды алып тастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұған дейін Атырауда биіктігі 91 метрлік тутұғыр орнатылған болатын. Ұзындығы 80 метрлік тутұғыр композициясы доға пішінді етіп жасалған. Композицияның орта тұсында Қазақстан Республикасының картасы, жоғары жағында Елтаңба, ал шеткі бөлігіне Әнұран жазылған. Конус пішінді тутұғырға көлемі 29х14,5 метр болатын Ту ілінген еді.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Қанат Әзмұхановтың айтуынша, қалада жел екпіні күшейгендіктен, тутұғырдағы байрақты алып тастауға шешім қабылданған.


«Мемлекеттік туға аса қастерлі рәміз ретінде ерекше назар аудару керек. Сол себептен, Туды тутұғырдан алып тастау туралы шешім ауа-райының қолайсыздығына байланысты болып отыр», - дейді Қанат Әзмұханов.

Оның айтуынша, ауа-райы тұрақталғаннан кейін ту қайтадан ілінеді.