Атырауда қайтыс болған сарбаздың ісі бойынша тергеу басталды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда мерзімді әскери қызметшінің қайтыс болуына қатысты тергеу басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл жағдаймен қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті жасақтаған арнаулы комиссия айналысып жатыр. Қызметтік тексеріс басталды. Қосымша сараптамалар жүргізіледі, содан кейін сарбаз көмек сұрай жүгінген медицина қызметкерлерінің әрекеттеріне баға беріледі. Іс материалдары әскери прокуратураға жіберілді, олар да оқиғаның мән-жайын тексереді», - дейді Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймырзаева.

Еске сала кетейік, Павлодар облысының Ақсу қаласынан шақырылған 19 жастағы мерзімді әскери қызметші туберкулез менингитінен қайтыс болған еді. Дәрігерлердің айтуынша, оның ауруы менингококты инфекция секілді жұқпалы аурулар қатарына жатпайды, ауа және тамшылар арқылы жұқпайды. Науқастың өкпесін флюорографиядан өткізу кезінде оның өкпесі таза болып шықты, сондықтан да онымен бірге қызмет етіп жүргендерге жұқпаған.