Атырауда қазақ әліпбиін латын қарпіне көшірудің өзекті мәселесі талқылануда

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру: жаһандану жағдайындағы мемлекеттік тілдің дамуы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысының әкімдігі мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен өткен конференция жұмысына Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Әзербайжан, Ресей елдерінен келген ғалымдар, оқытушылар мен студенттер қатысты.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыстар комитетінің төрағасы Қуат Бораш атқарылып жатқан шаралар жайында баяндама жасады.

«Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі жасалды. Енді 2025 жылға дейін кезең кезеңмен көшу жоспарланып отыр. Маусым айының соңында алфавиттің тұжырымдамасын бекітіп, қыркүйекте Ұлттық комиссияға ұсынамыз. Содан кейін латын қарпіне оқу-әдістемелік жағынан көшу басталады», - деді Қуат Бораш.

Конференцияға қатысқан Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев филологтар мен тіл мамандарының алдағы жұмыстарына табыс тіледі.

«Латын қарпіне көшу әрқайсымыз үшін маңызды, бұл тарихи оқиға. Бүгінгі шара ғалымдардың пікір алмасуларына, осы тақырып бойынша теориялық, тәжірибелік мәселелерді шешуге бағытталған. Латын әліпбиіне көшу мемлекеттік тілімізге де оң ықпал етеді, қазақ тілінің дамуына септігін тигізеді, оны заманауи ғылым мен техниканың тіліне айналдырады. Конференцияда талқыланған маңызды мәселелер бойынша қабылданған шешімдер тиімді боларына сенім білдіремін», -деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.

Аталған шара аясында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, социолингвист, филология ғылымының докторы, профессор Бақытжан Хасанұлы, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек, Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов, Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастық Кеңесі бас хатшысының орынбасары Омер Коджамандар және басқа да тәжірибелі мамандар тақырыптық баяндамаларын оқыды.

Сондай-ақ, мәжілісте қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру мәселесі, ондағы алғышарттар мен тетіктерді, тіл мәдениетін зерделеу жұмыстары талқыланды.

Сонымен қатар, конференция аясында аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев пен университет ректоры Абзал Талтенов социолингвист, филология ғылымының докторы, профессор, Атырау өлкесінің тумасы Бақытжан Хасанұлын мерейлі 80 жасымен құттықтап, иығына шапан жауып, мерейгер иесіне дарынды тұлғаларға арналған алтын төсбелгісін табыстады.

Айта кетейік, конференция бүгін «Жаһандану кезеңіндегі әлемдік коммуникациядағы латын графикасының рөлі», «Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру, әлемдік тәжірибе және ғылыми-әдіснамалық ұстанымдар», «Рухани жаңғыру:Ұлттық білім жүйесіндегі инновациялық әдістеме» тақырыптарында 3 секция аясында өтіп жатыр.