Атырауда қоғамдық орында мас боп жүрген 3 мың адам ұсталды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жыл басынан бері 3000 адам қоғамдық орында мас күйінде ұсталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Полиция қызметкерлері алкогольдік ішімдікті асыра пайдаланатын адамдарды анықтау жұмысын жүргізуде.

«Жыл басынан бері қоғамдық орында мас күйінде ұсталған 3000-ға жуық азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 242 адам осы құқық бұзушылықты қайталап жасағаны анықталды. Оларға ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 440-бабы бойынша бірінші рет - 5 АЕК айыппұл, ал бір жыл ішінде қайталап жасалған бұзушылық үшін - 10 АЕК айыппұл немесе бес тәулікке қамау көзделген» деп хабарлады Атырау қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Ерлан Биғамбаев.

Сонымен қатар, қолданыстағы заңнамаға сәйкес (ҚР ӘҚБтК-нің 54-бабы), мұндай «рецидивистер» үшін сот қаулысымен 3 айдан 6 айға дейін мінез-құлыққа ерекше талап қойылады.

Атап айтқанда, есепке алынып, учаскелік полиция инспекторлары мекенжайын тексеріп, профилактикалық жұмыс жүргізіледі.

Дәл осындай ерекше талаптарды сот аталған 242 азаматқа қатысты белгілеген.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда түн тыныштығын бұзған 1500 адам жауапкершілікке тартылған болатын.