Атырауда көктайғақтың кесірінен бір күнде 10 жол апаты болды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда көктайғақтың кесірінен бір күнде 10 жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырауда кешеден бері көктайғақ байқалып отыр.

Осыған байланысты «Арнайы автобаза» ЖШС-гің басшысы Алмас Ізтілеуовтың айтуынша, кешеден бері көлік жол, көпірлер мен баспалдақтар, мектептер мен жаяу жүргіншілер жолағына құм аралас тұз себілген.

Бұл жұмысқа 180 жұмысшы мен 3 техника жұмылдырылды.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, көктайғақ кесірінен жол-көлік оқиғасы көбейген.

Мәселен, 20 желтоқсанда 10 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

«Атырауда ауа-райы күрт өзгерді. Бұл Атырау қаласының аумағындағы жолдың бәрінде көктайғақ болуына әсер етті. Сол себептен, қала тұрғындары мен қонақтарына, әсіресе жүргізушілерге қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету үшін негізгі қағидаларды сақтау керектігін ескертеміз. Көліктің жылдамдық режимін сақтау, сондай-ақ, жолда арақашықтықты сақтаған жөн. Көлікті қысқы дөңгелектермен жабдықтау қажет. Өйткені, жазғы дөңгелекпен жүру кжол-көлік оқиғасына себепкер болуы мүмкін. Ең маңызды сақтық шарасы – жүргізуші жолды кесіп өтетін адамдарға өткізуі тиіс. Ал жаяу жүргіншілер бұл үшін арнайы белгіленген жолақтан барынша абайлап өткені жөн», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда жаяу жүргіншіні мерт қылған мас жүргізуші ұсталғанын жазған болатынбыз.

Кейін жеңіл көлік қаққан жаяу жүргінші мерт болғанын хабарлаған едік.