Атырауда көпбалалы отбасында үшем дүниеге келді
08:21, 12 Сәуір 2012
АТЫРАУ. 12 сәуір. ҚазАқпарат - Атырауда облыстық перзентханада соңғы жылдарда бірінші рет қатарынан 3 сәби дүниеге келді.
Перзентхананың бас дәрігері Ұлжан Хасанова мәлім еткендей, 2 ұл бала мен 1 қыз баланы - үшемді 42 жастағы Сәуле дүниеге әкелді. Ұлдардың салмағы 1 келі 870 грамм, 1 келі 310 грамм және қыздың салмағы 1 келі 670 грамм. Анасы мен балаларының жағдайы қалыпты, дегенмен олар әрдайым дәрігерлердің қадағалауында.
Сәуле Хасанова мен жүргізуші болып жұмыс істейтін оның жолдасы Шалқар Жаңбыровтың отбасында 6 бала - 5 қыз бен 1 ер бала өсіп келеді. Балалардың ең үлкені 16-да, кіші қызы 2-де.
Шалқар Жаңбыровтың сөзіне қарағанда, ол қатарынан 3 баланың туылғанына таңқалғанымен, өте қуанышты. Бірақ ол 3 балаға көбейген отбасын жалдамалы пәтерге қалай сыйғызарын білмей жүр.