Атырауда көпір аралығының құлауы салдарынан із-түссіз жоғалған үш жұмысшыны іздеу жалғасуда - В. Божко

АСТАНА. Қыркүектің 14-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Атырауда  Жайық өзенінің үстінен салынып жатқан көпір аралығының құлауы салдарынан із-түссіз жоғалып кеткен үш жұмысшыны іздеу жұмыстары  жалғасуда.

Бұл туралы бүгін Астанада журналистерге Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Айта кетейік, Атырауда жұма күні кешке Жайық өзенінің үстінен салынып жатқан автомобиль көпірінің ұзындығы 106 метр және ені 18 метр болатын аралығы құлған болатын. Төтенше жағдай орын алған жерден екі адам құтқарылып, олардың бірі ауруханаға жатқызылды. Алдын ала деректер бойынша, сегіз жұмысшы із-түссіз жоғалып кеткен болатын. Қыркүйектің 13-індегі сағат 07.00-дегі жағдайға қарағанда, облыстық судан құтқару қызметі «Трансқұрылыскөпір» АҚ-ның бес қызметкерінің денесін судан шығарып алды. «Біз із-түссіз жоғалып кеткен тағы үш адамды іздестірудеміз. Оқиғаның салдарын жою жөніндегі барлық шаралар қабылдануда. Бүгін-ертең көпірдің құлаған аралығын көтеру жөніндегі мәселе шешілетін болады», деді В. Божко өз сөзінде.

ҚР ТЖМ хабарлауынша, апат понтонды құрылыстың негізіндегі уақытша тіреуіштен ортадағы аралықтың жылжуынан болған. Құтқарушылардың ұйғаруына қарағанда,апатқа көпір аралықтары деңгейін реттеу кезіндегі жұмыс технологияларының бұзылуы әсер еткен. Төтенше жағдайды жоюға «Трансқұрылыскөпір» АҚ-ның 12  техникасы, «Жайық-Каспий бассейні» балық ресурстарын қорғау басқармасының 4  катері, Аджип ҚКО-ның «Өзен-теңіз» деп аталатын бірінші сыныпты 1  катері, судан құтқару қызметінің 1  катері, 76 адам және ҚР ТЖМ Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 14  техникасы тартылған.