Атырауда көпқабатты үйдегі өрттен 6 адам құтқарылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда көпқабатты үйдегі өрттен 6 адам құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, өрт туралы хабар сағат 17:28-де түскен.

«Атырау қаласының Вокзал маңы-5 шағын ауданында орналасқан бес қабатты үйдегі пәтердің балконы жанған. Өрт кезінде 38 тұрғын, оның ішінде 21 ересек адам, 17 бала баспалдақ арқылы қауіпсіз жерге шығып үлгерген. Кіреберіс дәлізді қою қара түтін басқан. Сол себептен, өрт сөндірушілер автосатының көмегімен 2-ші және 4-ші қабаттың пәтерлеріндегі тұрғындар – 6 адамды (3 ересек, 3 нәресте) құтқарды. Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері құтқарылған тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсетті», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Жалынның салдарынан пәтердің балконына қойылған тұрмыстық заттар жанған. Өрт сөндірушілер жедел әрекет етіп, жалынды санаулы минутта сөндірді.

Өртті сөндіруге Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 10 қызметкері мен 3 техника жұмылдырылды.

«Облыс тұрғындары мен қонақтарына өрт қауіпсіздік ережесін қатаң сақтауды ескертеміз. Қауіпсіздік ережесін сақтамаудан тұтанатын өрттің адам өміріне қауіп төндіретінін, өкінішке ұрындыратынын естен шығармаған жөн», -деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Каспий жағалауында 7 күнге созылған қамыс өрті сөндірілгенін хабарлаған болатынбыз.

«Қазақстан Ғарыш сапары» ҰК» АҚ-ның ғарыш мониторингіне негізделген «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының ақпаратына сәйкес, қамыс өртінің жалпы ауданы 910 га болған. Өрт сөндірушілер 7 күн бойы отпен арпалысты. Күннің аптап ыстығы мен аумақтың сулы, батпақты жерінде қалың өскен қамыс өртін тез сөндіруге кедергі келтірген.