Атырауда қос аурухана кәсіпкерлерге 900 млн теңгеден астам қаржыны төлемей келген

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда екі аурухана 64 кәсіпкерге 900 млн теңгеден астам қаржыны төлемей келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, екі аурухана басшыларының кәсіпкерлерге 900 млн теңгеден астам қаржыны төлемегені анықталған. Кәсіпкерлерге қарыз болған емдеу орнының бірі – мұнайлы шаһардағы №2 облыстық аурухана. Екіншісі – Құрманғазы аудандық орталық ауруханасы.

«Департамент қызметкерлері Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының №2 облыстық ауруханасы мен Құрманғазы аудандық ауруханасының жұмысына мониторинг жүргізді. Мониторинг қорытындысымен 64 кәсіпкерлік субъектісіне мемлекеттік сатып алу бойынша көрсетілген қызметтер мен тауарларды жеткізгені үшін 900 млн теңгеден астам ақшалай қаражатты төлемеу фактілері анықталды. Осыған байланысты мән-жайды анықтау мақсатында аталған медициналық мекемелерге тиісті хат жолданды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Департамент қызметкерлерінің ықпал етуімен медициналық мекемелер 13 кәсіпкерлік субъектісіне 54,6 млн теңге көлеміндегі қаржыны төледі.

Бұрын аталған аурухананың бірі кәсіпкерге азық-түлік жеткізгені және климаттық жабдықтарға техникалық қызмет көрсету үшін ақша аударудан бас тартқан. Бірақ, департамент қызметкерлері араласқаннан кейін кәсіпкердің өтініші толығымен қанағаттандырылды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда монополист кәсіпорын 99 кәсіпкерге 739 млн теңге қарыз болғанын хабарлаған едік. Департамент басшысы Ерұлан Серікқалиевтың айтуынша, бұл – «Атырау облысы Су Арнасы» КМК көрсетілген қызметтер мен тауарларды жеткізгені үшін төлемеген қаржы.