ҚР ІІМ баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, ол Атырау облыстық ІІД және Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының жаңа ғимаратында болды. Облыстық ІІД басшылығы өңірге жыл сайын шамамен 60 мың шетелдік жұмыс күшіне квота берілетіндігін айта келе, Көші-қон қызметі орталығын салу үшін қаржылық мүмкіншіліктерді қарастыруды ұсынды.
Атырау облыстық ІІД бастығы Аян Дүйсембаев өңірдегі қылмыстық ахуалдың тұрақты екендігін, өткен жылдың қорытындысында қылмыс деңгейінің төмендегенін атап өтті. Облыста қылмыстың алдын алуға бағытталған нәтижелі жұмыстар жүргізілген. Шағын қалаларды дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында Жылыой ауданында жедел басқару орталығының құрылысы жалғасуда. Жергілікті полиция қызметінің материалдық-техникалық базасы күшейтілді.
Өз кезегінде облыстық департамент қызметінің оң нәтижелерін атап өткен Берік Бисенқұлов өңірлік полиция қызметкерлерінің барлық күш-жігері аса ауыр қылмыстарды ашуға бағытталуы тиістігін баса айтты.
«Тіркелген қылмыстардың негізгі бөлігін ұялы телефон, пәтер ұрлығы секілді өзгенің мүлкін ұрлау құрап отыр. Ол үшін 2018-2020 жылдарға арналған ҚР ІІМ бағдарламасы қабылданған. Қылмыстың алдын алу жұмыстары күшейтілуі тиіс. Әсіресе, бұл жұмыстар жастар арасында қарқынды жүргізілуі қажет», - деді ол.
Ағымдағы жылы ұрлықтың алдын алуға бағытталған жұмыстарға жаңадан ашылатын 34 полицияның уаскелік пункті жәрдем беретін болады. Аталған пунктің 20-сын Атырау қаласының жаңа аудандарында ашу жоспарланған.
Сонымен қатар Берік Бисенқұлов ҚР Ішкі істер министрінің талабына сәйкес ағымдағы жылы ішкі істер бөлімдері жүйесінің қызметі ел Президентінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған міндеттерді табысты жүзеге асыруға жағдай жасауға баса назар аударуы тиістігін баса айтты.
«Азаматтардың конституциялық құқықтары мен еркіндігінің нақты сақталуын қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыру қажет», - деді Берік Бисенқұлов.