Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
«Іс-шараның мақсаты – заңсыз көші-қонды ұйымдастырушылар мен оның арналарын анықтау, жолын кесу, шетелдіктердің көші-қон заңдылықтарын сақтауына бақылау жүргізу. Сот шешімдерімен Қазақстан Республикасынан тысқары шығарылған және елімізде болу мерзімін бұзған шетелдіктерге қатысты шаралар қабылдау. Аталған іс-шара кезінде көші-қон заңнамасын бұзған 300-ден аса адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 211 шетелдік халықтың көші-қоны заңнамасын бұзғаны үшін жауапқа тартылды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 518-бабымен 126 азаматқа, 519-бабы бойынша 7 азаматқа қатысты әкімшілік хаттама толтырылды», - дейді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Әбдіғани Сейдуалиев.
Оның айтуынша, құқық бұзушылық жасаған 37 шетел азаматы азаматтық іс жүргізу және әкімшілік тәртібімен ел аумағынан шығарылды. Ал, жеке басын анықтайтын құжаттардың болмауына байланысты Өзбекстан Республикасының 61 азаматы қабылдау-тарату орнына орналастырылған.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда мас жүргізуші қоқыс таситын көлікпен тұрғын үйдің қоршауына соғылғанын жазған едік. Кейін қоқыс таситын көлікті Өзбекстан Республикасының азаматы жүргізгені анықталды . Сот қаулысымен шетелдік жүргізуші 20 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айрылды.