Атырауда қоймадан ондаған жылу батареясы мен есептегіштер ұрлаған күдіктілер ұсталды

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда қоймадан жылу батареясы мен есептегіштерді ұрлаған күдіктілер ұсталды. Шығынның мөлшері – 5 млн 325 мың теңге, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, №1 Атырау қалалық полиция бөліміне шаһар тұрғыны қоймаға ұры түскені туралы шағым берген.

«Полиция қызметкерлері аталған дерекке қатысты жедел іздестіру іс-шарасын өткізді. Қоймадан шағымданушыға тиесілі 87 дана жылу батареясы, 15 қорапқа салынған 10 дана газ есептегіші мен 20 дана су есептегіші ұрланғанын анықтады. Жәбірленушіге келтірілген материалдық шығынның мөлшері 5 млн 325 мың теңгені құрады», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір аталған ұрлыққа қатысы 1992, 2001 және 2003 жылы туған күдіктілер анықталып ұсталды. Күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық процесстік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда отыз адамға кредит алдырып, 40 млн теңгені қалтасына басқан алаяқ ұсталғанын хабарлаған болатынбыз. Алаяқтық іспен айналысқан күдікті 2022 жылғы желтоқсаннан бері Kaspi Bank және Freedom Finance банктен тауарлық несиені ақшалай алып, үстіне бонус қосып беремін деп 30 адамды алдаған. Сөйтіп, 40 млн теңгені иемденіп кеткені анықталған.

Қазір алаяқ ұсталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.


Соңғы жаңалықтар