Атырауда құрылыс саласының үздіктері анықталды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда құрылысшылар күніне орай ұйымдастырылған байқауға 20-ға жуық құрылыс саласының маманы қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, құрылысшылар күні мерекесіне орай «Самал» ықшамауданында салынып жатқан өрт сөндіру депосының құрылысында сала мамандары арасында байқау өтті. Байқау мақсаты - өңіріміздегі құрылыс мамандарының кәсіби деңгейін жоғарылату және жастарды құрылысшы мамандығына тарту.

Облыстық құрылыс басқармасының ұйымдастыруымен өткен сайыста Темірлан Сапар «Үздік сылақшы», Болатбай Есқайыров «Үздік қалаушы» және Бақытжан Сабыров «Үздік дәнекерлеуші» атанды. 

«Мамыр айында Қызылорда қаласында құрылысшылар арасында өткен байқауда Атырау облысының тас қалаушылары бірінші орынды иеленген болатынбыз. Сол бастаманың жалғасы ретінде бүгін өңірімізде конкурс өткізіп жатырмыз. Байқауда жеңімпаз атанған қатысушыларға жүлделі орындар бар. Сонымен қатар, алдағы күндері құрылыс мамандары арасында спорттық сайыстар өткізіледі», - дейді Атырау облыстық құрылыс басқармасы құрылыс бөлімінің басшысы Нұрлыбек Сақпаров.
Айта кетейік, елімізде құрылысшылар күні жыл сайын тамыз айының екінші жексенбісінде аталып өтеді.