Атырауда күйеуі әйелінің өлімі үшін 11 жылға сотталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені және адам өлтіргені үшін айыпталған С.Боссқа қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды соттың баспасөз қызметінен.

Қайғылы оқиға 2016 жылдың 4 шілдесінде әйелі қызын алып барған балабақшаның жанында орын алған. Сол жерде сотталушы мен жәбірленуші арасында некеде жинаған мүлікті бөлу жайында келіспеушілік туындайды.

Сол мезетте ол бұрынғы әйеліне бірнеше рет пышақпен жарақат салып, артынша, өз өміріне қол сұқпақ болып, пышақпен өз ішінен ұрады. Алайда, ол тірі қалып, 43 жастағы әйел есін жимастан, жан сақтау бөлімінде көз жұмған.

Сот үкімімен С.А. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 106 бабының 1 бөлігінде (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру), 99 бабының 1 бөлігінде (адам өлтіру) көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, «қатаң» режимдегі түзеу колониясында 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.  

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.