Тергеу органдарымен сотталушылар А.У., А.К.(әйел), Р.И.-ға қылмыстық топ құру және Атырау қаласында жеңіл жүрісті қыздардың притонын ұйымдастырып, жеңгетайлықпен айналысу, сондай-ақ қорқытып алушылық және заңсыз бас бостандығын айыру фактілері бойынша айып тағылған, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі.
Сотта анықталғандай, А.У. жәбірленушілердің қызметі мен олардың қалай ақша табатынын білген. Сөйтіп, ол пайдакүнемдік мақсатпен өзінің қасына 2 адамды қосып, қылмыстық топ құрады.
Ол көмекшісі А.К.-ның көмегімен жәбірленушілерді қорқытып, қарыз алғаны жөнінде жалған қолхат жаздырып, артынша осы қолхат бойынша олардан ақша жинап отырған. Екінші сотталушы Р.И. жәбірленушілерге өзге адамдар ұрынуынан немесе полиция қызметкерлерінен қорғаншылық жасау қызметін атқарып, өз қызметтеріне қаражат талап етеді.
Сот үкімімен сотталушылар ұйымдасқан топты құрғаны, оған қатысқандары және қылмыстық топ болып қорқытып алушылықпен айналысқандары үшін кінәлі деп танылып, қосымша жаза ретінде жеке мүліктері тәркілеуге алынды.
Сотталушы А.У.-ға 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы, қалған екі сыбайласына 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жаза өтеу орны ретінде екі ер азаматқа қатаң режім, ал әйелге жалпы режімдегі түзеу колониялары белгіленді.