Атырауда мамандандырылған әкімшілік сот ашылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Мамандандырылған соттың ашылу рәсіміне Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов пен облыстық соттың төрағасы Бауыржан Жұмағұлов, сондай-ақ мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, судьялар, адвокаттар мен медиаторлар қатысты.

Махамбет Досмұхамбетов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында әкімшілік әділетті жүзеге асыру үшін іргелі жұмыстар жасалып жатқанына тоқталды. Соның шеңберінде осы жылдың бірінші шілдесінен бастап елімізде жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енеді. Азаматтар мен бизнестің әкімшілік органдармен дауларын шешу тәртібін реттеуге бағытталған кодекс азаматтардың құқықтарын қорғау сапасын жаңа деңгейге шығармақ.
«Бұл кодекс соттарға ғана емес, барша мемлекеттік органдардың қызметіне де аса үлкен жауапкершілік жүктейді. Қарапайым азаматтардың құқықтық сауатының артуына соны серпін береді. Бұны құқықтық мемлекет орнықтыру саласындағы ең бір ауқымды реформалардың бірі деп айтуға болады», - деген Махамбет Досмұхамбетов жаңа соттың жұмысына сәттілік тіледі.
Соттың ғимаратында қызметкерлер мен келетін азаматтарға қажетті барлық жағдай жасалған. Цифрландырудың талаптарына толық сәйкес келетін сот заманауи техникалық құрылғылармен жабдықталған.
Президент Жарлығымен құрылған сот құрамында төраға және төрт судья жұмыс істейді.