Атырауда мас жүргізуші қоқыс таситын көлікпен тұрғын үйдің қоршауына соғылды

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда қоқыс таситын көлік тұрғын үйдің қоршауына соғылды. Көлік жүргізушісінің мас екені анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға кеше, 1 қарашада Атырау қаласында болған. Қоқыс таситын көліктің тұрғын үйдің қоршауына соғылған сәті камераға түсіп қалған.

Бұл деректі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.

«Жергілікті уақытпен сағат 16:00 шамасында қала аумағынан қоқыстарды шығаруға жауапты мекемеге қарасты «КамАЗ» автокөлігі «Атырау» мөлтек ауданындағы көшеге орнатылған электр бағанасына соғылған. Жүргізуші көлік жылдамдығын тежей алмай, кейін тұрғын үйдің қоршауын бұзып кірген. Соның салдарынан тұрғын үйдің қоршауы мен аулада тұрған жеңіл автокөлік бүлінді», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.


Атырау қаласының аумағынан тұрмыстық қалдықтар мен қоқысты арнайы полигонға тасымалдайтын арнайы жүк көлігінің рульінде 1990 жылғы жүргізуші болған. Алайда, жүргізушінің дәл сол сәтте рульге мас күйде отырғаны анықталды.

Қазір полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасына байланысты тиісті іс-құжаттарды жинақтап, сотқа жолдады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда қауіпсіздік белдігін тақпаған 6 мыңға жуық жүргізуші жазаланғанын хабарлаған болатынбыз.