АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында маусым айынан бері пневмониядан 122 адам қайтыс болған. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінге дейін Атырау облысында пневмонияға шалдыққан 5809 адам тіркелді, 122 адам осы дерттен қайтыс болды. Өткен жылы осы кезеңде пневмониядан 56 адам көз жұмған еді», -деді онлайн-брифингте Нұрлыбек Қабдықапаров.
Оның айтуынша, өңірде коронавирус инфекциясынан 13 адам бақилық болған. Бұған қоса, тағы осындай 30 жағдайды арнайы комиссия қарап жатыр. Сондай-ақ, 243 медицина қызметкері қауіпті індетті жұқтырған.
Еске сала кетелік, Атырау облысында карантин режимі 3 тамызға дейін созылған еді.
Жолдасбек Шөпеғұл
1993 жылы әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолын 1993 жылы республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде тілші болып бастаған. 2020 жылғы ақпаннан бері «Kazinform» халықаралық ақпарат агенттігінде Атырау облысындағы тілшісі болып жұмыс істейді.