Атырауда мемлекет қаржысын жымқырған кәсіпкер сотталды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысы Құрманғазы ауданында шаруа қожалығының басшысы алаяқтық үшін 5 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сотталушы шаруа қожалығының басшысы болып жүріп, алаяқтық жолмен 5 млн 150 мың теңгені жымқырған. Аталмыш қаражат субсидия ретінде жайылымды суландыру инфрақұрылымын жүргізу және мал өсіруші шаруашылықтарды сумен қамтамасыз етуге бөлінген. Алайда, аудиторлық тексеріс кезінде сотталушының бұл жұмыстарды жүргізбегені анықталды. Сол себепті оның үстінен қылмыстық іс қозғалды», - деп хабарлады Атырау облысы Құрманғазы аудандық сотының баспасөз қызметі.

Тергеу кезінде айыпталушы мен прокурор арасында кінәні мойындау туралы мәміле түріндегі процестік келісім жасалған. Сотталушы кінәлі деп танылып, оған шартты түрде 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.