Атырауда менталды ауытқуы бар балалар үшін күндізгі стационар ашылады
Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің мәліметінше, стационарда 30 балаға ем-дом шарасы жүргізіледі.
«Күндізгі стационар №3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының базасында ашылады. Онда медициналық-әлеуметтік сараптау комиссиясының тізіміндегі аутизм диагнозы қойылған, церебральді сал ауруына шалдыққан, тірек-қимылы бұзылған балалар тегін ем алады. Мамандар әр баламен жеке жұмыс істейді. Әр балаға 3 сағат бөлінеді. Оларға әзірге 45 күндік ем-дом курсын жүргізуді жоспарлап отырмыз», -дейді Аазамат Мәмбетов.
Қазір №3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының орталық мамандары қайта даярлықтан өткен. Алдағы уақытта қажеттілік туындаған жағдайда қосымша штаттар ашу қарастырылмақ.
«Біздің орталықтың бір блогына менталды ауытқуы бар балаларға арналған күндізгі түзету стационарына лайықтау үшін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазір қажетті құрал-жабдықтар орнату басталды. К.ндізгі стационар қыркүйек айында ашылады», -деп хабарлады №3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының басшысы Анар Маратова.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда мүгедектігі бар адамдарды оңалтуға арналған 150 орындық орталық салынатынын хабарлаған болатынбыз.
Облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, жобаға сәйкес, орталықта сауықтыру-жүзу бассейні, спорт және мәжіліс залдары, техникалық ғимарат пен жылыжай қарастырылған.
Ғимараттың бірінші қабатында дәрігерлік бөлмелер мен оңалту-жаттығу залы, УЗИ кабинеті және дәріхана орналасады. Ал, екінші қабатында науқастарды оңалтуға арналған медициналық, әлеуметтік және психологиялық оңалту аумағы болады. Үшінші қабатта тұз шахтасы, электр сәулесімен емдеу, ингалятор аумағы, физиологиялық және механикалық емдеу, сумен және инемен емдеу секілді терапиялық бөлмелер бар.