Атырауда монополист кәсіпорын кәсіпкерлерге екі жыл бойы кедергі келтірген

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда монополист кәсіпорын 1600-ден астам кәсіпкерге екі жыл бойы кедергі келтірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 1 қызмет 4 дербес бөлікке бөлінген.

«Департамент қызметкерлері «Атырау облысы Су арнасы» КМК тарапынан су бұру және сумен жабдықтау бойынша 1 қызметтің негізсіз 4 дербес қызметке бөлінгенін анықтады. Кәсіпорын бұл қызметті жергілікті актілермен регламенттей отырып, қызмет көрсетудің мерзімін ұзартқан. Нәтижесінде 28 күннің орнына қызмет көрсету мерзімі бірнеше айға, ал кейбір жағдайларда бір жылға дейін ұзартылған. Мәселен, 2020-2022 жылдары 1600-ден астам кәсіпкер қызмет алған», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Кәсіпорын тарапынан келттірілген кедергі Атырау облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің араласуынан кейін ғана оң шешімін тапты. Монополист кәсіпорынға бірқатар ұсыныстар беріліп, тәжірибе тоқтатылды. Қызмет көрсету тәртібі заңнамаға сәйкес келтірілген.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда аталған монополист кәсіпорын 99 кәсіпкерге 739 млн теңге қарыз болғанын хабарлаған едік.

«Атырау облысы Су Арнасы» КМК-ның 99 кәсіпкерлік субъектісіне 739 млн қарыз екені анықталған. Бұл – көрсетілген қызметтер мен тауарларды жеткізгені үшін төленбеген қаржы.

Осыған байланысты департамент пен әкімдік тиісті шаралар қабылдады. Соның нәтижесінде 49 кәсіпкерлік субъектісіне 587 млн теңге төленді. Осылайша, 49 кәсіпкерлік субъектісінің құқығы қорғалды.