Атырауда нан бағасы 9 теңгеге қымбаттады
«Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-мен баспасөз қызметінің дерегіне қарағанда, бірінші сұрыпты ұннан пісірілген нанның бағасы бұрын 82 теңгеден сатылған. Енді оның бағасы – 91 теңге.
«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, әлеуметтік нан бағасының қымбаттауына бірнеше себеп әсер еткен.
«Біріншіден, «Желаев» ЖШС-нің зауыты бірінші сұрыпты ұнның бағасын бір келі үшін 155 теңгеден 165 теңгеге дейін, ал, ұн жеткізуші «КАРАТ» ЖШС 145 теңгеден 155 теңгеге дейін көтерген. Наубайханалар бірінші сұрыпты ұннан пісірілген нанның бағасының өсуіне электр энергиясының, коммуналдық қызметтер мен жанар-жағармай бағасының қымбаттауы себеп болғанын алға тартып отыр. Наубайханаларда жұмысшылардың жалақысы көтерілген. Қазіргі нан бағасы нарықтағы құнымен салыстырғанда 20-30 теңгеге төмен», -деп хабарлады аталған кәсіпорынның баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 19 мың тонна көкөніс сақтайтын екі қойма салынатынын жазған едік.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың, оның ішінде көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында кешенді шаралар қолға алынған. Атырау облысының тұрақтандыру қорына 3,5 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржының 2,9 млрд теңгесі кәсіпкерлерге айналым схемасымен және форвардтық келісімшарттар арқылы берілген.
«Қазір Атырау облысында 26 көкөніс қоймасы жұмыс істейді. Биыл жылыжайлардың жұмысына зерделеу жүргізілді. Климаттық бақылау жүйелерімен жабдықталған 10 қойма іріктеліп, есепке алынды. Енді жалпы сыйымдылығы 19 мың тоннаны құрайтын көкөніс қоймаларын салу бойынша екі инвестициялық жоба қарастырылып отыр», -деді Серік Шәпкенов.