Атырауда облыстық аурухана күрделі операцияларды жасауға дайындалуда

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облыстық ауруханасы тамыздың ортасында күрделі оталарды жасауды бастағалы отыр. Бұл туралы аурухананың бас дәрігері Ербол Иманғалиев мәліме етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

​Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, аталған ауруханада инфекциялық орындар саны азайтылып, жоспарлы емдеу шараларын жүргізуге дайындалуда. Қазір ауруханада «таза аймақ» жасақталып жатыр.

«Жақында хирургиялық, неврологиялық, сондай-ақ, оңалтуды қажет ететін бейінді науқастарды емдей бастаймыз. Тамыз айының ортасында күрделі операциялар жасауды жоспарлап отырмыз», - дейді Атырау облыстық ауруханасының бас дәрігері Ербол Иманғалиев.

Оның айтуынша, аурухана шілде айының басынан бері ​ 400 орындық инфекциялық стационарға бейімделген еді. Қазір мұнда қауіпті індет жұқтырып түскен науқастардың саны азайған.

«Бұрын қабылдау бөлімшесіне тәулігіне инфекциялық аурумен 60-қа жуық науқас түсетін. Қазір тәулігіне 15-ке жуық науқасты қабылдаудамыз. Бүгінгі күні инфекциялық стационарда ем қабылдап жатқан 137 науқас бар. Енді тамыз айынан бастап 200 керуетке ​жоспарлы түрде емделетін науқастарды қабылдауға дайындалудамыз», - деді Ербол Иманғалиев.

Аталған​ инсульттік, зақым-жарақат бөлімшелері індет тарап жатқан кезде де жұмысын тоқтатпай, науқастарды үзіліссіз қабылдап отыр.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау ауруханалары тамызда жоспарлы емдеуді бастайтынын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар