Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Ерлан Қабиденов мәлімдеді. Спикердің айтуынша, білім беру ұйымдарына оқулықтар 15-23 тамыз аралығында жеткізіледі.
«2018-2019 оқу жылының ең өзекті мәселесі - оқушыларды оқулықпен қамту болатын. Биыл оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алуға 945 млн 417 мың теңге қаражат бөлініп, кітап сатумен айналысатын 14 компаниямен келісімшарттар жасалды. Сондай-ақ, оқулықтар үшін 30% алдын-ала төлем жасалды. Биыл қалалық мектептерде оқулық тапшылығы болмауы керек», - деді Е. Қабиденов.
Сондай-ақ, қалалық білім бөлімі мектептерге оқулық уақытында жеткізіледі деп уәде берді. Оқулықтарды тасымалдап, жеткізуге 5 млн 470 мың теңге бөлініп, конкурс құжаттары қалалық қаржы бөліміне ұсынылғанын жеткізді.