Атырауда отбасында жанжал шығарған 34 адам әкімшілік қамауда отыр

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда отбасында жанжал шығарған 34 адам әкімшілік қамауда отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты «102» арнасына 4 097 хабар түскен.

«Осындай дерекке байланысты Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 73-бабымен (Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) 1 198 адам жауапкершілікке тартылды. Ал, 1 365 құқық бұзушыға қорғау нұсқамасы шығарылды. Оның ішінде 334 адамға ерекше талап қойылды. Қорғау нұсқамасын бұзған 96 адам ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 461-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазір отбасы-тұрмыстық қарым-қатынас саласында құқық бұзған 34 адам қабылдау-тарату орнына әкімшілік қамауға алынды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда дағдарыс орталығына жыл басынан 24 әйел мен 63 бала түскенін жазған болатынбыз.

Жергілікті полиция қызметі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Әйгерім Орақбаеваның мәліметінше, зәбір көргендерден күніне 20-25 хабар түседі.

«Жыл басынан отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында әйелдерге қатысты жасалған қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға байланысты түскен шақырту 2 мыңнан асып отыр. Отбасында кикілжің шығарып, зәбір көрсеткен 677 адамға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деп хабарлады Әйгерім Орақбаева.