Атырауда өткен республикалық ақындар айтысында Болатбек Оразбаев бас жүлдені жеңіп алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2-3 мамыр аралығында Атырау қаласында «Нұр Отан» партиясының қолдауы және Атырау облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс» атты республикалық ақындар айтысы өтті.

Іс-шараға «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Б.Байбек, Атырау облысының әкімі Б.Ізмұханбетов, ҰОС ардагерлері, қала тұрғындары, сондай-ақ, елімізге танымал қоғам қайраткерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Айтыста Қытай елінен Зура Шайдымұратқызы, Астана қаласынан Еркебұлан Қайназаров, Айсауле Бейсехан, Серікзат Дүйсенғазин, Әсем Ережеқызы, Мейірбек Сұлтанхан, Ақтөбе қаласынан Ершат Қайболдин, Аян Сейітов, Марат Ахметов, Нартай Тілеухан, Алматы қаласынан Болатбек Оразбаев, Атырау қаласынан Амангелді Панабердиев, Шалқарбай Ізбасаров, Жәнібек Садыров, Өнербек Даулекенов, Әсел Таушанова, Сырымбек Сарсенбаев, Салауат Исақаев, Баянауылдан Аспанбек Шұғатаев, Батыс Қазақстан облысынан Бауыржан Халиолла, Тараз қаласынан Айтбек Тұрсынбаев, Қарағанды қаласынан Мақсат Аханов, Семей қаласынан Даурен Сембай, Шымкент қаласынан Бекарыс Шойбеков өнер көрсетті. Сөзден маржан терген дүлдүлдер екі күн бойы Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойымен қатар, ел тәуелсіздігі, экономикалық жетістіктер, мәдениет, руханият, халық бірлігі, татулық және т.б. тақырыптарды қозғады. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбек осындай айтулы мерекенің алдында өткізіліп отырған айтыстың өткенге тағызым, ал кейінгіге өнеге екендігін атап өтті. «Партия үшін елдікті жырлаған, Елбасының Сайлаудағы жеңісін паш еткен, кешегі Ұлы соғыс жеңімпаздарының ерлігін дәріптеген айтысты қолдау аса маңызды. Елбасы алдымызға мақсат етіп қойғандай, біз елдік сана, төл мәдениет, отбасылық құндылықтар, руханият, тілді ұдайы ардақтауға әзірміз», - деді саясаткер. Айтыскерлердің өнеріне Қазақстанның халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Асанәлі Әшімов, белгілі композитор Алтынбек Қоразбаев бастаған әділқазылар алқасы төрелік етті. Айтыс қорытындысы бойынша бас жүлдені алматылық Болатбек Оразбаев жеңіп алса, 1 орынды қарағандылық Мақсат Аханов, 2 орынды оңтүстік тумасы Бекарыс Шойбеков пен атыраулық Шалқарбай Ізбасаров, 3 орынды Батыс Қазақстан тумасы Бауыржан Халиолла және астаналықтар -Еркебұлан Қайназаров пен Мейірбек Сұлтанхан иеленді.