Атырауда пара алған еңбек инспекциясы басқармасының басшысы жазаланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырау қаласының №2 соты пара алды деп айыпталған бұрынғы «Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы» ММ-ның басшысына қатысты қылмыстық істі қарады. Бұл туралы облыстық сотың баспасөз қызметі хабарлады.

Қылмыстық іс материалдарында анықталғандай, сотталушы С.Ишай ЖШС «Unicorn CCC» мен «Мистер Доорс-Атырау» ЖШС компанияларының қауіпсіздік техникасына жауапты тұлғаларының білімін тексеруге арналған бақылаушы комиссия төрағасы болып тағайындалған.

Сонымен қатар, С.Ишай қауіпсіздік техникасы оқуынан өтушілердің сертификаттары мен куәліктеріне қол қою үшін компаниялардың құрылтайшысынан әр қызметкер үшін 3 мың теңге пара талап еткен.

Қос компания құрылтайшысы А.Ким оның талабымен келісіп, өзінің қызметкері арқылы 294 000 тенге ақшаны беріп жіберген.

Сол күні Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлері жедел-тергеу амалдарын жүргізу кезінде С.Ишай қызметтік бөлмесінде пара алғаннан кейін ұстады.

Сотқа дейінгі тергеу барысында прокурор мен сотталушы С.Ишайдың арасында қорғаушы адвокат Т.Аяновтың қатысуымен кінәні мойындау түріндегі процессуалдық келісім жасақталып, іс сотқа жолданған.

Сот үкімімен С.Ишай ҚР ҚК-нің 366-бабы 2-бөлігіндегі қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған ҚК-нің 55-бабы қолдана отырып 30 есе түрінде, яғни 8 820 000 теңге айыппұл жазасы тағайындалған. Сонымен бірге, мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.