Атырауда пәтер тонаған қылмыстық топ қолға түсті
17:29, 22 Желтоқсан 2009
АТЫРАУ. Желтоқсанның 22-сі. ҚазАқпарат /Андрей Соколов/ - Атырауда «Құқық тәртібі» операциясының барысында әлденеше пәтер тонаған ұйымдасқан қылмыстық топ қолға түсті.
Атырау облысы ІІД баспасөз хатшысы Гүлнәзира Мұқтарованың айтуынша, олар Ақтөбе тұрғындары мен Грузия азаматтары болып шықты. Атырауда пәтер жалдап, ұрлықпен айналысқан. Қолға түскен кезде олардан көптеген алтын әшекейлер, компьютерлер, мех бұйымдары, басқа да құнды заттар табылды, сондай-ақ есіктер мен кілттерді бұзатын арнайы құралдар да болған.
Тоналған бірнеше пәтердің қожайындары өз заттарын таныды. Соңғы екі айдың ішінде ұйымдасқан топ мүшелері кемінде 20 пәтерді және коттедждерді тонаған деген болжам жасалуда. Олар көршілес Ақтөбе, Орал, Ақтау қалаларында тонаушылықпен айналысуы да мүмкін. Күдіктілердің бірі Ақтөбеде кісі өлтіруге қатысқан іздеуде жүрген адам болып шықты.