Атырауда пәтерді жалға алып беремін деп 50 тұрғынды алдаған жігіт ұсталды
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Шымкент қаласының тұрғыны 50 адамға «пәтерді жалға алып беремін» деп 1 млн-нан астам теңгені қалтасына басқан.
«Күдікті жарнама сайты арқылы хабарландыру жариялап, бірнеше қала тұрғынына уәде беріп, алдын-ала төлем жасатқан. Кейін ер адам ізім-қайым жоғалып кеткен. Алаяққа алданғандардың бірі – атыраулық әйел полицияға шағым түсірді. Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері алаяқты «Anti-fraud» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде анықтады. Тексеру кезінде Шымкент қаласының 32 жастағы тұрғыны 50 эпизодқа қатысы бар екені анықталды. Бұрын сотты болған ер адам өз кінәсін толықтай мойындады» -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлімі, 4-тармағымен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда әйелді тонаған жігіт ұсталған болатын.