Атырауда педофил 25 жылға сотталды
«Сот барысында анықталғандай, 2017 жылдың 14 маусымында қаламаңындағы Бесікті кентінде 8 жасар қыз бала мектептегі лагерьден шыққан. Үйіне келе жатқанда ол айыпталушыны жолықтырған. Айыпталушы оны алдап Жайық өзенінің жағасына апарып зорлаған. Кейін оны өзенге батырып жіберген. Сот айыпталушыны кәмелеттік жасқа толмаған баланы зорлауға, сондай-ақ оның өліміне кінәлі деп таныды. Оған 25 жыл қатаң режімдегі колонияда бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің түсіндіруінше, сотталушы жалпы мерзімнің үш жылын колонияда толық оқшаулау жағдайында өтейді. Сонымен қатар, жәбірленуші тарапқа сотталушы 5 млн теңге төлейді
Еске сала кетсек , жоғалған оқушы қызды іздеу бірнеше күнге созылды. Оған құтқарушылар, Бесікті кентінің тұрғындары мен еріктілер атсалысты. Алғашқы күндері іздестіруге қыздың отбасының көршісі болып келетін сотталушы да қатысқан.