Атырауда полицейлер өртенген үйден 60-қа жуық адамды эвакуациялады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда полицейлер өртенген үйден 60-қа жуық адамды эвакуациялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, өрт бүгін, 16 ақпанда таңғы сағат 06:00 шамасында тұтанған.

«Атырау қаласындағы 102 операторына «Авангард-3» шағын ауданындағы көп қабатты үйдің 3 қабатынан өрт шыққаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына жедел жеткен патрульдік полиция автопатрульдеу экипажының қызметкерлері, полиция аға

лейтенанттары Жәнібек Елемесов пен Еламан Төлешов өрт шыққан үйдің тұрғындарын

дереу эвакуациялауға кірісті. Полицейлер 5 қабатты үйдің өрт шыққан кіреберіндегі әр пәтерінің есігін қағып, 60-қа жуық тұрғынды далаға шығарды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Тұрғындар өртенген үйден далаға шығуына көмектескен полицейлер мен өрт өндірушілерге алғысын білдірді. Өртенген пәтердің тұрғындары жалынның тұтанғанын білмей қалған.

«Өрт туралы хабар алғасын, тұрғындарды құтқарудан басқаны ойлаған жоқпыз. Жалынға оранған үйдің тұрғындарын қауіпсіз жерге шығару үшін жедел әрекет еттік. Біздің міндетіміз – тұрғындардың қауіпсіздігін ойлап, өмірін сақтау», -дейді полиция аға

лейтенанты Еламан Төлешов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда полицейлер өртенген үйден 30-ға жуық адамды

құтқарған болатын.