Атырауда полицияға қарсылық білдіріп, граната қолданбақ болған қылмыстық топ мүшесінің көзі жойылды - ІІМ

АСТАНА. 31 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Атырау қаласында 29 тамыз күні аса ауыр қылмыс жасады деп күдік келтірілген қылмыстық топтың жолы кесілді.

Сонымен қатар, қылмыстық топ мүшесін ұстау барысында граната қолданбақ болған қылмыскердің көзі жойылды. Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ өткен брифингте баспасөз хатшысы Нұрділдә Ораз мәлім етті.

«Жалпы операция барысында 20 адам тұтқындалды, олар аса ауыр қылмыс жасауға байланысты күдікті деп танылып отыр. Тағы екі күдіктіге іздеу жарияланды. Олардың лаңкестікке қатыстылығы туралы ақпар жоқ», - дейді Н. Ораз. Оның айтуынша, құрықтау операциясы барысында топтың бір мүшесі қарудан полиция қызметкерлеріне оқ атып, белсенді түрде қарсылық танытқан. «Құқық қорғау органдарының қарсылықты тоқтатып, өз еркімен берілу туралы ескертуіне қылмыскер жауынгерлік гранатаны қолданып, жауап бермек болып еді, арнайы жасақтың қызметкерлері оның көзін жойды», - дейді Н. Ораз.

Оқиға орнынан полиция қызметкерлері қару-жарақтар тәркілеген. Атап айтқанда, 20- оқпанды жалғыз ауыз шолақ аңшы мылтығы, 43 аңшы қаруының оқтары, тұтандырғышы мен оттығы бар 2 қолдан жасалған жарылғыш зат тәркіленген. Бүгінгі күні қылмыстық топқа қарсы тергеу жүргізілуде. Ұсталғандардың барлығына қылмыстарына ұқсас басқа да қылмыстар жасауға қатыстылығы тексерілуде. Баспасөз хатшысының сөзіне қарағанда, күдіктілерді құрықтау әртүрлі уақыттарда жүзеге асқан. Десе де, күдіктілер мен жасалған қылмыстар арасындағы байланыс жоққа шығарылмайды. «Жалпы өңірдегі жағдай тұрақты. Бүгінгі күні қоғамдық қауіпсіздікті қамтамсыз ету бағытында барлық шаралар жүзеге асуда», - дейді Н. Ораз.