Атырауда полицияға қарсылық көрсеткен 5 жігіт қамауға алынды
Атырау қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 4 жігіт көшеде төбелескен.
«Атырау қаласындағы №1 қалалық полиция бөліміне жергілікті уақытпен сағат 23:15-те М. Әуезов көшесінің бойындағы көпқабатты тұрғын үйдің алдында белгісіз ер адамдардың төбелескені туралы хабар түсті. Учаскелік полиция инспекторлары оқиға орнына барып, тексеру жүргізді. Сол кезде бұзақылық жасағандар полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбай, қарсылық танытты. Алайда, тәртіп сақшылары қоғамдық орында бұзақылық жасағандарды №1 учаскелік полиция пунктіне жеткізді», - деп хабарлады қалалық полиция басқармасынан.
Учаскелік полиция инспекторлары 1985, 1986, 1987, 1988 және 1991 жылғы жігіттерге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1, 2-бөлімдерімен 667-бабының 1-бөлімімен әкімшілік хаттама толтырды. Жинақталған іс құжаттары сотқа жолданды. Сот шешімімен кінәлілерге 5 күннен 20 күнге дейін әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жарты жылда кісі өлтіру қылмысы 55 пайызға өскенін жазған едік. Облыс прокуроры Бауыржан Жұмақановтың мәліметінше, биылғы 6 айда қылмыс 5%-ға өсумен сипатталып отыр. Оның ішінде кісі өлтіру 55%, жол-көлік оқиғасы - 35%, бұзақылық - 32%, алаяқтық - 27%, интернет-алаяқтық 44% өскен. Балалар қылмысы 48%-ға артқан. Сондай-ақ, жол-көлік оқиғаларынан өлім-жітім 35% өскені тіркелген. Ал, әр түрлі дене жарақатын алғандар саны 7% өсіп отыр.