Атырауда Республика күніне орай Мемлекеттік ту көтерілді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 25 қазан – Республика күніне орай Мемлекеттік ту көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекеттік туды көтеру рәсіміне облыс әкімі Серік Шәпкенов, өңір жұртшылығының өкілдері қатысты.

«Ата-бабаларымыз сан ғасыр армандап өткен тәуелсіздікке қол жеткіздік. Тәуелсіздігіміз 1990 жылы 25 қазанда қабылданған егемендік туралы декларациядан бастау алады. Республика күні – еліміздің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл күнді Ұлттық мереке ретінде қайта жаңғырды. Бұл – даңқты датаны ұлттық, мемлекеттік мереке деңгейіне көтерген әділ әрі тарихи шешім. Ортақ шаңырағымыз – Отанымыз ырысқа кенеліп, көк байрағымыз биікте желбірей берсін», -деді Серік Шәпкенов.

Атырауда биіктігі 91 метрлік тутұғыр 2020 жылғы 30 желтоқсанда орнатылған. Алып туды үнемі көрініп тұруы үшін қолмен немесе электр жетегімен көтеретін көп қырлы болаттан жасалған конустық тірегі бар.

Ұзындығы 80 метрлік тутүғыр композициясы субұрқақ пен доға пішінді композициядан тұрады. Композицияның орта тұсында қоладан жасалған Қазақстан Республикасының картасы, жоғары жағында Елтаңба, ал шеткі бөліктерінде Әнұран жазылған.

Республика күнінен орай Туғырда өткен салтанатты жиын жергілікті өнерпаздардың мерекелік концертіне ұласты.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау тұрғындары 25 қазанда қоғамдық көлікте тегін https://kaz.inform.kz/news/atyrau-turgyndary-25-kazanda-kogamdyk-kolikte-tegin-zhuredi_a3993107 жүретінін, кейін құжат алу үшін ХҚО-ға келген атыраулықтарға сыйлық https://kaz.inform.kz/news/kuzhat-alu-ushin-hko-ga-kelgen-atyraulyktarga-syylyk-ulestirildi_a3993289 үлестірілгенін жазған едік.