Атырауда рульде қан қысымы көтерілген жүргізушінің көлігі аударылып, 3 адам ауруханаға түсті
21:32, 25 Ақпан 2022
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда рульде қан қысымы көтерілген жүргізушінің көлігі аударылып қалды. Жүргізуші мен екі жолаушы ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жол-көлік оқиғасы бүгін, 25 ақпанда Атырау қаласында болған.
Әбілқайыр хан даңғылымен келе жатқан «Changan CS55» көлігі сағат 13:34 шамасында жол жиегіндегі талдарға соғылып, аударылып қалды.
Полиция қызметкерлері аталған жол-көлік оқиғасына байланысты тексеру жүргізді.
Тексеру кезінде көлік рульінде отырған 1959 жылғы ер адамның қан қысымы көтерілгені анықталды.
«Жүргізуші сол себептен, көліктің басқару жүйесін игере алмаған. Көліктің аударылуынан зардап шеккен жүргізуші мен екі жолаушы ауруханаға жеткізілді», -деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жол апатынан 7 адам ауруханаға жеткізілгенін жазған болатынбыз.