Атырауда шамадан тыс жүк артқан көлік жүргізушілеріне 16 млн теңге айыппұл салынды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда шамадан тыс жүк артқан көлік жүргізушілеріне 16 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының бөлім бастығы Нұрлан Жантуриннің айтуынша, ауыр жүк көліктерінің жүруіне негізілген шектеу бар.

«Ауыр жүк көліктерінің қозғалысына 1 маусым мен 31 тамыз аралығында уақытша шектеу енгізілген. Соған сәйкес, бір осьтік жүктемесі 8 тоннадан асатын көлік құралдары сағат 10:00-ден 22:00 аралығында жалпы пайдаланудағы автомобиль жолдарында жүрмеуі тиіс», - дейді Нұрлан Жантурин.

Оның айтуынша, өңірлік филиал мамандары Атырау облыстық көліктік бақылау инспекциясы және әкімшілік полиция басқармасының өкілдерімен бірге «Жолдау қабылдау» акциясын өткізді. Рейдтік іс-шара кезінде «Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы (Астрахань бағыты)» тасжолының Қарабатан елдімекені тұсындағы демалыс алаңында 10-нан астам ауыр жүк көлігінің салмағы өлшенді.

Атырау облыстық көліктік бақылау инспекциясының бөлім бастығы Әнуар Бисалиевтің айтуынша, тексеру нәтижесінде ауыр жүк көліктерінің жүргізушілеріне ҚР Әкімшілік кодексі 571-бабының 1-бөлімімен, 590-бап және 572-баптың 2-бөлімімен 5 хаттама толтырылды. Енді көлік иелері 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді.

«Жалпы, жыл басынан бері артық салмақ тиеген ауыр жүк көліктерінің жүргізушілеріне 86 хаттама толтырылды. Соған сәйкес, жүргізушілерге 16 млн 475 мың теңгеге жуық айыппұл салынды», - дейді Әнуар Бисалиев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын әлемді жаяу аралауға шыққан саяхатшы Атырау мұнайлы, бай өлке болғанымен, жолы быт-шыт екеніне қынжылыс білдіргенін жазған едік.