Атырауда шартты түрде сотталған жігіт түн жарымында мейрамханада көңіл көтеріп жүр

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда шартты түрде сотталғандар түнгі мезгілде үйде болу талабын сақтамайды. Сотталушының бірі мейрамханада көңіл көтеріп жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау қалалық пробация қызметінің бастығы Мейірбек Оразғалиевтың айтуынша, учаскелік полиция инспекторларымен бірге «Есепке алу» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.

«Қоғамнан оқшауланбай, жазасын шартты түрде өтеуге сотталғандар адамдарға қойылатын талаптар бар. Соның бірі – түнгі мезгілде тұрғылықты мекенжайында болу. Алайда, тексеру кезінде кейбір сотталушылардың үйінде отырмайтыны анықталды. Талдау көрсеткендей, олардың кейбірі мейрамханаларда көңіл көтеріп жүреді. Мәселен, Алмасбек есімді сотталушы тексеру кезінде үйінде болмай шықты. Кейін оның мейрамханада отырғаны белгілі болды. Ал, кейбірі туыстарының үйіне қонаққа барады», - дейді Атырау қалалық пробация қызметінің бастығы Мейірбек Оразғалиев.

Тексеру кезінде үйінде болмаған сотталғандарға әкімшілік хаттама толтырылды. Енді жинақталған іс-құжаттары сотқа жолданады.

«Шартты түрде сотталғандарға талапты сақтауды ұдайы ескертіп келеміз. Олардың тарапынан талап жиі бұзылатын болса, кейбірі жазасының қалған бөлігін түрмеде өткізуі мүмкін», -деп мәлім етті Мейірбек Оразғалиев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын қаңтар оқиғасына қатысқан атыраулықтың бірі тергеу изоляторына қамауға алынғанын жазған едік.

Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ақпаратына қарағанда, күдікті басты сот отырысына келмей қалған.

Оған соттың өтетін уақыты мен орны туралы хабарланған. Алайда, ол сот отырысына келмеу себебі туралы хабар бермеген.

Сот отырысы хатшысының мен адвокатының бірнеше рет шалған қоңырауына жауап бермеді. Наркологиялық анықтамаға сәйкес сотталушының масаң күйде екені анықталған.

Сот қаулысымен қолданылған үйқамақ түріндегі шарасын өзгертіліп, сотталушы тергеу изоляторына қамалды.