Атырауда шенеуніктер мен бизнесмендерге қатысты өтіп жатқан сот ісінде БАҚ өкілдеріне барлық жағдай жасалған

АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Атырауда миллиардтаған бюджет қаражатын талан-таражға салған шенеуніктер мен бизнесмендерге қатысты басталған сот отырысында бұқаралық ақпарат құралдарының еркін жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған.

БАҚ-тың жедел жұмысын қамтамасыз ету үшін арнайы бөлме әзірленіп, онда үлкен монитор қойылған. Одан сот залында өтіп жатқан барлық іс-қимылды жіті бақылап отыруға болады. Сондай-ақ бөлмеде принтер орнатылып, сымсыз ғаламтор желісі қосылған.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін миллиардтаған бюджет қаражатын талан-таражға салды деп айыпталған 22 адамның ісін қарау басталды.

Бұған дейін хабарланғандай, Бергей Рысқалиев, оның ағасы Аманжан Рысқали, сондай-ақ, олардың тағы 9 сыбайласы халықаралық іздеуде. Көрсетілген тұлғаларға қатысты қылмыстық істің материалдары жеке өндіріске шығарылды.

Рысқалиевтің қылмыстық тобының мүшелері жасаған ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық және экономикалық қылмыстардың нәтижесінде мемлекет пен азаматтарға жалпы сомасы 71 млрд. теңге залал келтірілген. Қаржы полициясы қабылдаған шаралардың нәтижесінде мемлекетке 23,6 млрд. теңгенің мүлкі қайтарылды.

Келтірілген залалды әрі қарай өтеу мақсатында тергеу барысында жалпы құны 42 млрд. теңгені құрайтын айыпталушылардың жылжымалы және жылжымайтын мүлкінің 580-нен астам түріне тыйым салынды. Оның ішінде 5 аяқталмаған құрылыс нысаны, 73 жер учаскесі, 2 әкімшілік ғимарат, 13 тұрғын үй, 12 кеңсе, 23 пәтер және т.б.; 197 көлік құралы, коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталдарындағы 31 қатысу үлесі, түрлі жабдықтардың 145 бірлігі, 19 банк шоттары бар.

Бұдан басқа, Швейцария конфедерациясының Федералдық прокуратурасы Швейцариядағы банктердегі Бергей Рысқалиевтің туысқандары мен онымен сыбайлас тұлғалардың шоттарындағы көлемді ақша қаражаттарына тыйым салған.

2013 жылғы 11 маусымда Швейцарияға осы мемлекеттің аумағында тергеу амалдарын жүргізу жөнінде халықаралық тапсырма жолданды.

Сондай-ақ Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевке қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Ол лаңкестік әрекеттерге қарсы болмады, қайта оны құптап, қолдап отырған деп күдіктелуде. Тергеу нұсқасы бойынша, аймақтың бұрынғы жетекшісі исламдағы дәстүрлі емес ағым өкілдеріне мешіт салуға заңсыз түрде жер учаскесін бөліп берген. Өңірде лаңкестік әрекет жасады деп қамауға алынғандардың көбісі осы мешітке барған. Қазір белгілі болғандай, онда лаңкестік насихатталып, лаңкестік әрекеттерді қаржыландыру үшін ақша жиналған.