Атырауда сиырға, сосын жүк көлігіне соғылған Toyota Camry жүргізушісі мерт болды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда сиырға, сосын жүк көлігіне соғылған Toyota Camry жүргізушісі мерт болды. Екі жолаушы жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы кеше, 24 тамызда болған.

«Жергілікті уақытпен түнгі сағат 22:10 шамасында республикалық маңызы бар Ақтөбе-Атырау-Ресей шекарасы (Астрахань бағыты) тас жолының 430-шақырымы тұсында Toyota Camry автокөлігі әуелі жолдан өтіп бара жатқан сиырды қағып кеткен. Содан соң соққы екпінімен қарсы жолақта келе жатқан Mercedes жүк көлігімен түйіскен. Жол-көлік оқиғасының салдарынан Toyota Camry автокөлігінің 1988 жылғы жүргізушісі дене жарақатын алып, оқиға орнында мерт болды. Жеңіл көліктегі 2 жолаушы әртүрлі дене жарақатын алды» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Бұдан бұрын Атырау облысының трассасында 2 адам мерт болып, үшеуі ауруханаға түскенін хабарлаған едік.

«Жол апаты дәл осы тасжолда тіркелген. Аталған жолдың 635-шақырымы тұсында Toyota Prada және Lada Granta автокөліктері соқтығысты. Салдарынан Lada Granta автокөлігіндегі 2 жолаушы оқиға орнында мерт болды. Ал Lada Granta жүргізушісі мен Toyota Prada көлігінің 2 жолаушысы облыстық ауруханаға жеткізілді», - деп хабарлаған еді департаменттің баспасөз қызметінен.