Атырауда су және кәріз желісіне тарифтер қымбаттады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда сумен қамту және кәріз желісінің 5 жылдық тарифі бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атырау облысы Су арнасы» КМК баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа тариф биылғы 1 қыркүйекте енгізіледі. Бұл тариф 2028 жылғы 30 сәуірге дейін өзгермейді.

Тарату желілері және магистральдық құбырлармен су беру, Атырау қаласы мен Мақат ауданы бойынша ағынды суларды бұру және тазарту бойынша реттелетін қызметтерге жаңа тарифтер енгізілді. Сумен қамтудың бағасы 22%, ал кәріз желісінің тарифі 28% қымбаттап отыр.

«Тарифтердің көтерілуінің басты себебі – кәсіпорынның тұрақтылығы мен көрсетілетін қызметтердің сапасына қауіп төндіретін жалақының төмендігіне байланысты кадрлардың ауысуы. Жаңа тарифтің есебінен өндірістік персоналдың орташа жалақысы 72% артады. Ал әкімшілік қызметкерлердің орташа жалақысы 9% көтеріледі» - делінген «Атырау облысы Су арнасы» КМК ақпаратында.

Қазір су үшін тариф бір текше метріне 89,23 теңгені құрайды. Енді ол 108,98 теңгеге өседі. Кәріз желісіне тариф бір текше метріне 34,75 теңге болса, 1 қыркүйектен 59,08 теңгеге өзгереді.

Еске салайық, бұған дейін Атырау облысында электр қуатының тарифі 12,17 пайызға қымбаттағанын хабарлаған едік.

Сондай-ақ жылудың бағасы 22,5 пайызға өскенін жазған болатынбыз.