Атырауда сылақшылар мен тас қалаушылардың сайысы өтті

Фото: Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда құрылысшылардың кәсіби мерекесіне орай сылақшылар мен тас қалаушылар сайысы өтті. Оған құрылыс компанияларынан 7 команда қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрылысшылар бәсекесіне облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бөлім басшысы Рүстем Махабаев, сарапшы Талғат Бисенов пен техникалық қадағалаушы Қанат Ермұханов қазылық етті.

«Ел аумағындағы бой көтерген әр ғимаратта, әлеуметтік нысанда құрыш қолды құрылысшылардың қолтаңбасы бар. Құрылыс индустриясын дамытуға үлес қосып жүрген құрылысшыларға да, бәрімізге де үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Өйткені бәріміз түрлі мақсаттағы ғимараттар мен тұрғын үйлерді салып қана қоймай, онда жұмыс істейтін, тұратын адамдардың өмірі үшін жауап береміз. Ал бүгінгі сайыстан соң бір-біріңізбен тәжірибе алмасып, жұмысты сапалы атқаратындарыңызға сенемін», - деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев.

Облыстық Құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, мұндай сайыс осымен екінші рет өткізіліп отыр. Мұндай сайыс құрылысшылардың біліктілігін арттыруға ықпал етеді.

«Бұл сайысты бағалауға құрылыс саласындағы білікті мамандар шақырдық. Олар сайыскерлердің жұмысты жүргізу деңгейіне, сапасына, кірпішті қалау тәсіліне, тік және көлденең тігісті сақтауына, сыртқы және ішкі версттің түзулігіне бағасын береді», -деді Нұрберген Құсайынов.

Қазылар шешімімен обл ыстық сайыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды. Сылақшылар арасынан бірінші жүлдені «Сұңқар құрылыс» ЖШС бригадасы еншіледі. Ал «ARSM» мен «БатысАльянсСтрой» ЖШС сылақшылары екінші, үшінші жүлдені жеңіп алды.
Тас қалаушылар арасындағы сайыстың бірінші жүлдесі «TSG Construction» ЖШС командасына берілді. «БатысСтройСервис» бен «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС тас қалаушылары екінші және үшінші жүлдені иеленді.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 7 мектеп пен 1 жапсаржай пайдалануға берілетінін жазған едік.