Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, қамыс өрті кеше, 23 наурызда болған.
«Атырау қаласындағы Шәкіров көшесі тұсында Перетаска каналының жағалауы өртенді. Бұл туралы жергілікті уақытпен сағат 12:51-де шақырту түсті. Канал бойындағы қамыс өрті сол маңдағы саяжай учаскелерін шарпыды. Өрттің салдарынан 1 жазғы тұрғын үй мен ауласындағы шаруашылық сарай, тауық қора, жылыжай бөліктері бүлінді. Канал жағалауында жалын шарпыған қамыстың аумағы – 1,5 гектар», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Қамыс өрті сағат 15:04-те оқшауланып, сағат 15:37-де толық сөндірілді. Өрттен зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ.
«Алдын ала болжамға сәйкес саяжай учаскесінде қоқысты жағу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмаған. Соның салдарынан өрт тұтанған», - деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Жалынды сөндіруге 53 қызметкер мен 12 техника жұмылдырылған.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда канал жағасындағы 3 гектар аумақта қамыс өртенгенін хабарлаған болатынбыз.
«Атырау қаласының маңындағы Новокирпичный елді мекенінде орналасқан каналдың жағасында қамыс өртенді. Жалынды сөндіруге өрт сөндіру және авариялық-құтқару жедел қызметінің 9 қызметкері мен 3 арнайы техника тартылды. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен кезде «Атақоныс» шаруа қожалығының аумағында далалық шөптің жанып жатқаны анықталды. Қамыс өрті 3 гектар аумаққа жайылған», - деп хабарлаған еді департаменттің қоғаммен байланыс тобы.