Атырауда тағы бір жігіт ішіп алып, көпірден секіруге оқталды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда түн ортасында тағы бір ішімдік ішкен жігіт көпірден секіруге оқталды. Оны полиция қызметкері райынан қайтарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға туралы дерек бүгін түнде, 25 тамыз сағат 1:30 шамасында тіркелген.

Атырау қаласындағы «Жұмыскер» және «Балықшы» шағын ауданын жалғастырып, Жайық өзенінің үстінен өтетін көпірден ер адам секіруге оқталған. Бұл туралы мәлімет алған патрульдік полиция батальонының взвод командирі, полиция аға лейтенанты Асланбек Ғарифуллин жедел жеткен.

Полиция инспекторы өз-өзіне қол жұмсамақ ниетте тұрған жігітпен профилактикалық келіссөз жүргізген. Ол тәртіп сақшысына өзінің екінші топ мүгедегі екенін, отбасына ақша жеткізе алмағанына налитынын айтқан. Сол себептен, көпірден секірмек болған.

«Суицид жасағалы тұрған ер адаммен келіссөз сәтті аяқталды. Полиция ер адамның Атырау қаласының тұрғыны екенін анықтады. Оның жасы – 35-те. Медициналық сараптаманың қорытындысымен, жеңіл дәрежелі масаң күйде екені дәлелденді. Ол Атырау қаласындағы №1 полиция бөлімінің жедел-тергеу бөліміне тапсырылды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын да Атырауда ішіп алған ер адам түн ортасында көпірден секірмек болғанын хабарлаған едік.