Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев түсінік берді.
«Соңғы күндері қалада күлімсі иіс таралып жатыр. Иістің жайылу себебін анықтау мақсатында қоршаған ортаны қорғауға жауапты мемлекеттік органға шұғыл әрекет ету тапсырылды. Мамандардың пайымдауынша, солтүстік бағыттан жел соққанда «Квадрат» булану алаңының иісі қалаға келеді. Ал, «Квадратта» иістің жайылу себебі оны тазалау жұмыстарымен байланысты болып отыр. Қазіргі уақытта әкімдіктің тапсырысымен «Квадратты» тазалау, жаңа кәріздік тазарту қондырғысын салу жұмыстары жүргізілуде». –деп хабарлады Жасұлан Бисембиев.
Атырау қаласының оң жағалауындағы бұл жобаны «Павлодар өзен порты» компаниясы былтырғы тамыздан бері қолға алған. Жоба жетекшісі Ринат Саймовтың айтуынша, осы кезге дейін екі тұндырғыш бөгеті салынған.
«Жалпы көлемі 1 700 000 текше метр тұнбаның 500 мың текше метрі айдалды. Арнайы снарядпен тоғандағы негізгі тұндырғыштан лай су қоспасы басқа тұндырғышқа жіберіледі. Онда лай су қоспасы тұнғаннан кейін қамыспен тазартылып, биоплатаға ағады. Тазалау табиғи түрде жүргізіледі. Содан кейін су негізгі тұндырғышқа жіберіледі», -деп түсіндірді Ринат Саймов.
Маманның айтуынша, 4 снаряд, 2 экскаватор, 60 адам тартылған. Қазір 402 шақырымға 710 мм коллектор желісінің тұрбасын, резервуарлар салу жұмыстары жүріп жатыр. Жобаға 480 мың текше метр топырақ пайдаланылады. Қазір 100 мың текше метр топырақ жеткізілген.
«Тоғанның айналасында жасыл белдеу жасалады. Бұл үшін құнарландырылған топырақ төселеді. Бұл аумақ қоршалып, көшеттер егіледі», -дейді Ринат Саймов.