Атырауда тәулігіне үш тонна ешкі сүтін өңдейтін кәсіпорын ашу жоспарлануда
08:59, 21 Қаңтар 2013
АТЫРАУ. 21 қаңтар. ҚазАқпарат - Атырауда тәулігіне үш тонна ешкі сүтін өңдейтін кәсіпорын ашу жоспарлануда, деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Бұл идеяны аймақ әкімінің кәсіпкерлермен болған кездесуінде «Келешек» компаниясының атқарушы директоры Бейбіт Бисекеш көтерді. Бизнесменнің сөзіне қарағанда, қуаттылығы тәулігіне үш тонна ешкі сүтін өңдеумен айналысатын зауыттың жобасы дайын. Ол ересектер мен балалар үшін сүт өнімдерін шығаратын болады. Зауыттың құрылысы және мамандарды оқыту үшін 6 ай жеткілікті. Қажетті жабдықты Германиядан сатып алу жоспарлануда, ал мамандарды Ресейде оқыту көзделуде. Атыраудың климатына үйренген ешкілер Еуропадан әкелінеді.
«Қазақстанда бұл осындай алғашқы жоба. Өңір басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов облыс үшін жобаның маңыздылығын атап өтіп, кәсіпкерге қолдау білдірді», - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметінен.