Ішкі істер министрлігінің экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті мен Атырау облыстық полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы, ҰҚК Атырау облысы бойынша департаментінің қызметкерлері жедел іздестіру іс-шарасын өткізу кезінде шетелдік азаматты ұстады. Өзбекстан Республикасының азаматы заңсыз оқ-дәрі сақтағаны анықталды.
«Өзбекстан Республикасының 1986 жылғы азаматы Атырау қаласындағы тұрғылықты мекен-жайында әскери мақсатта қолданылатын патрондарды заңсыз сақтап келген. Заңсыз сақталған оқ-дәрі тәркіленді. Күдікті ретінде 36 жастағы өзбекстандық деструктивті діни ағымның ұстанушысы екендігі анықталып отыр», - деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазір аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексі 287-бабының 2 бөлігімен (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, іс сотқа жолданды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда есірткі притонын ұйымдастырған өзбекстандық әйел ұсталғанын жазған едік.