Атырауда тоңазытқыштың есігімен қысып, азаптаған итті АҚШ азаматы асырап алды
22:14, 09 Желтоқсан 2020
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда басы тоңазытқыштың есігіне қысылып, тұншықтырылған итті Америкаға алып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұдан бұрын әлеуметтік желіде атыраулық тұрғынның иттің басын тоңазытқыштың есігіне қысқан видеосы жарияланған еді.
Бұл жағдай жұртшылық арасында біраз пікірталас тудырды.
Резонансты оқиғадан соң итті қорлаған азамат видео түсіріп, өз әрекетін түсіндірді, сондай-ақ өкінетінін айтты.
Кейін итті асырап алуға АҚШ, Франция, Канада, Ресей азаматтарынан ұсыныс түскен.
«Қайырымды жүрек» қоғамдық қорының мәліметінше, итті волонтерлер Лаки деп атаған.
Итті АҚШ азаматы асырап алған. Жақында мұхиттың арғы жағындағы жаңа қожайыны итті Калифорния штатына ұшақпен алдырған.
АҚШ-қа ұшып кеткен иттің жағдайын сол штаттағы қазақстандық волонтерлер бақылауға алмақ.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда бір аптада 9 баланы ит қауып алған еді.